Қасым-Жомарт Тоқаев "Байқоңыр" ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толуына орай видео үндеу жолдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде 1957 жылы дәл осы арадан жасанды Жер серігі ұшырылып, ғарышты игеру дәуірі басталғанын еске алды.
"Көп ұзамай, 1961 жылы айлақтан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин көк жүзіне аттанды. Бұл тарихи оқиға жаһан жұртшылығын біріктіріп, адамзаттың ғылым мен өркениет прогресіне деген сенімін нығайтты. Содан бері Байқоңырдан мыңдаған Жер серігі ұшырылып, ондаған миссия орындалды", - деді Тоқаев.
Ол мұнда көрнекті ғалымдар, конструкторлар мен инженерлер жұмыс істегенін айтып, ұлы жетістіктердің бастауында тұрған барлық маманға шексіз ризашылық білдірді.
"Біз әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының қазақ жерінде орналасқанын ерекше мақтан тұтамыз. Халқымыздың қаһарман ұлдары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов осы арадан космосқа аттанды. Еліміз халықаралық ғарышты игеру ісінің белсенді мүшесі саналады. "Байқоңыр" айлағы – Қазақстан мен Ресейдің достыққа, тату көршілікке және өзара түсіністікке негізделген ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігінің жарқын көрінісі", - деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы онжылдықтарда Қазақстан ұлттық экономиканың дамуына ықпал ететін бірқатар ауқымды ғарыш жобаларын іске асырды. Еліміз Байқоңырды халықаралық ынтымақтастықтың, ғылым мен білімнің және туризмнің орталығына айналдыруға ұмтылады. Ғарыш қызметінің жаңа нарықтарына шығу, жас инженерлердің, конструкторлар мен ғалымдардың әлеуетін арттыру жарқын болашаққа жол ашады.
"Осы орайлы сәтті пайдаланып, Байқоңыр қаласының тұрғындарына айрықша алғыс айтқым келеді. Сіздер табанды еңбек етіп, ғарышты зерттеу ісінің ізашарларынан қалған мол мұраны мұқият сақтап келесіздер. Бұл – зор құрметке лайық. Ғарыш саласы бүкіл адамзатты әрдайым ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаңашылдық пен ғылыми-техникалық прогреске бастайды", - деді Қазақстан президенті.