Атырау облысында 7-сынып оқушысын үзіліс кезінде сыныптастары аяусыз соққыға жықты. Ол әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Дәрігерлер оған «мидың шайқалуы» диагнозын қойған. Анасының айтуынша, ұлының жақсы оқығанын қатарластары көре алмаған, деп хабарлайды Paryz.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға бар болғаны 15 минуттық үзіліс кезінде болған. Ата-аналар мұны мектеп қабырғасында жылдар бойы жалғасып келе жатқан буллингтің шарықтау шегі деп бағалайды. Олар мектеп әкімшілігі бұл жағдайға көз жұма қарап отырғанын айтты.
«Басын партаға ұрып, жабық есіктің ар жағында ұрған, қорлаған. Мұның бәрі мұғалімдер болмаған сәтте сынып ішінде болған. Ешкім ара түспеген», — деді зардап шеккен баланың анасы.
Оның айтуынша, баласы әрқашан сыныптағы үздік оқушылардың бірі болған, белсенді, тәртіпті бала. Дегенмен дәл осы қасиеттері кейбір сыныптастарының қызғанышын туғызып, соңында оған қарсы әлімжеттікке ұласқан.
Жақсы бағалары мен білімге деген ұмтылысы, ашық мінезі оны қорлық нысанасына айналдырған. Анасы бұл мектепте жазасын бермей, бейбастақ жіберу әдеті орныққанын айтады. Буллинг, қорлау, әкімшіліктің әрекетсіздігі күнделікті құбылысқа айналған. Бірақ ешкім бұл туралы ашық айтпайды.
«Менің баламды ұрған оқушы полиция қызметкерінің баласы. Оның анасы сол мектепте жұмыс істейді. Біз бұл істі жылы жауып қоя ма деп қорқамыз», — деді анасы.
Мақала жарияланған сәтте баланың әлі де ауруханада жатқанын білдік.
Дәрігерлер мидың шайқалғанын растағанымен, анасының айтуынша, полиция бұл жарақатты «жеңіл» деп бағалауға тырысып жатыр.
«Толық сот-медициналық сараптаманың қорытындысын да күтпей, істі жауып тастамақшы. Бұл жай ғана төбелес емес, бұл баланы әдейі, саналы түрде қорлау», — деп ашынады анасы.
Отбасы оқиғаға байланысты ашық тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Олар баланы ұрған оқушының ата-анасының қызметтік байланыстарының арқасында іс жабылып қала ма деп қауіптенеді. Сонымен қатар, баланың анасы мектепке толық тексеру жүргізіп, оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған нақты шаралар қабылдануы тиіс екенін талап етті.