"Қазгидромет" РМК бүгінге, 25 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бүгін Қазақстан аумағында күрделі синоптикалық жағдай сақталады. Синоптиктердің болжамы бойынша, елдің басым бөлігінде солтүстік-батыс циклонның ықпалы жалғасады.
Соған байланысты найзағайлы жаңбыр күтіледі. Әсіресе орталық аймақтарда нөсер жауын жауып, кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін. Сондай-ақ шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде де осындай қауіпті метеорологиялық құбылыстар күтіледі.
Тек еліміздің батыс өңірлерінде ғана жауын-шашынсыз ауа райы болады деп болжануда. Республика бойынша жел күшейеді, ал оңтүстік-шығыста шаңды дауыл болуы мүмкін. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда түнгі және таңертеңгі уақыттарда тұман түседі деп күтіледі. Түнгі уақытта Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының солтүстік бөліктерінде топырақ бетінде 1-2 градус аяз болуы ықтимал.
Бірқатар өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарының шығысы мен орталығы, Маңғыстау облысының батысы, Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігі, Павлодар облысының шығысы, Жамбыл облысының солтүстігі мен оңтүстігі, Атырау облысының батысы, солтүстігі мен шығысы, Түркістан облысының оңтүстігі, Алматы облысының орталығы, Абай облысының оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай (оңтүстік), Ақтөбе (оңтүстік-шығыс), Атырау (оңтүстік), Алматы (батыс, солтүстік), Павлодар (батыс, оңтүстік), Шығыс Қазақстан (оңтүстік-шығыс), Жетісу (шығыс), Абай (оңтүстік, шығыс), Ұлытау облысының орталығында төтенше өрт қаупі бар.