Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың нәтижесінде Алматы облысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.
Алматы облысында Іле аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшысы және осы бөлімнің 7 бухгалтеріне қатысты үкім шығарды.
"Олар білім беру саласында нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақы аудару арқылы 686 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, өзінің жүргізушісін ведомстволық бағынысты мектеп-гимназияға жалпы сомасы 4,9 млн теңге жалақы заңсыз төленген кәсіптік бағдар беруші лауазымына жалған жұмысқа орналастырған.
"Білім бөлімінің басшысына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бухгалтерлерге мемлекеттік қызметте 10 жыл қызмет атқаруға тыйым салынып, 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - дейді агенттік. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.