Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған жаңа заңның аясында педофилдерді өмір бойына бақылауда ұстауды ұсынды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Министрдің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, бүгінде бостандыққа шыққан әрбір педофил 8 жылға әкімшілік бақылауға алынады. Дәл осы уақытта соттылық мерзімі өтеледі. Енді министрлік бақылауды үздіксіз ұзарта беруді жоспарлап отыр.
"Біз ол адамның дәл сондай құқық бұзушылықты қайталауы мүмкін екенін сотқа жеткіземіз. Сот бақылау шараларын жарты жылға ұзартып отырады. Ондай адамдар өмір бойына есепте тұрады. Солай болады деп отырмыз", - деді Лепеха журналистерге берген сұхбатында.
Әкімшілік бақылау аясында педофилдерге сан алуан шектеулер қойылады. Соның ішінде мектепке және балалар мекемелеріне жақын жүрмеу, ойын-сауық орындарына бармау, түнде үйден шықпау және тағы басқа шаралар бар.
"Қазір бұның барлығын 8 жылдың ішінде ғана қолдануға мүмкіндік бар. Енді ондай болмайды", - деп түйіндеді Лепеха.