Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 105 ардагері тұрады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Осы жылғы 8 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы отан соғысының 105 ардагері және Ұлы отан соғысындағы жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы 40 707 азамат тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан барлық ардагерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз. Әр адамның міндеті – өз елінің өткенін білу және құрметтеу, ардагерлеріміздің майданда соғысқан, тылда еңбек етіп, барлық ұрпақтың жарқын болашағы үшін жеңісті жақындатқан ерлігін ұмытпау», - дейді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Вице-министрдің ақпаратынша, соғыс кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылған.
Жиырмадан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Жауынгерлік еңбегі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды. 500-ден астам адам Кеңес Одағының батыры атанды.
Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанды. 110 қазақстандық үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Ал 630 мыңнан астам адам майданнан оралмаған.