Атырауда алпыс жас шамасындағы ер адам өз пәтерінде өлім құшты. Ең сорақысы, мәйіт үй ішінде үш айға жуық жатып қалған. Салдарынан, көпқабатты тұрғын үйді иіс жайлап, тұрғындар тұншыға бастапты. Жұрт аумақты вирус жайлап, инфекция тарай ма деп қауіптенеді, деп хабарлайды Paryz.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Привокзальный ықшамауданының тұрғындарының айтуынша, бұл пәтерде 60 жастағы зейнеткер тұрыпты. Марқұмның мүрдесін күні кеше төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үйінен алып шыққан. Ал жылдар бойы баспанаға жиналған қоқыстың иісінен жұрт тұншығып отыр.
"Біздің жағдайымыз өте қиын. Халықтың көмегімен сүйекті шығарды. Медициналық дезинфекция жүргізілуі керек. Балалар бар, үлкен кісілер бар. Әкімдіктен көмек сұраймыз. Мұрде 3 ай жатып қалған", – деді қала тұрғыны Гүлбада Мырзағалиева.
Ұл-қыздарының денсаулығы үшін алаңдаған көпшілік әкімдіктен дереу арада залалсыздандыру жұмысын жүргізуді талап етті.
"Әкімдіктен көмек сұраймыз. Халықтың жағдайын ескеруі тиіс. Себебі кісі өлген жерде тұру мүмкін емес", – деді қала тұрғыны Сандуғаш Қапсиқова.
Бірақ тұрғындар талабын тыңдауға қанша шақырсақ та, ақжағалылар келмеді. Тек коммуналдық қызметкерлерді жібердік деп жауап жазған олар залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы хат әзірлемек.
"Қалалық әкімдік тарапынан сол үйдегі қоқысты тазарту жұмыстары бойынша нақты тапсырма берілді. Арнаулы автобаза мекемесінің бригадалары барып, тазалау жүргізеді. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бойынша тиісті органдарға хат әзірленіп, жолданбақ.Қазір арнаулы база жұмысшыларына тапсырма береміз", – деді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.
Пәтерінде жан тапсырып, бірнеше ай жатып қалған алпыс жас шамасындағы азаматтың мүрдесін аймақтағы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары алып кетіпті.
Белгілі болғандай, марқұмның жақын туыстары жоқ. Айта кетейік, айлар бойы таза ауаға зәру болған тұрғындар "біздегі мәселе шаш етектен" деп шағым айтады. Қазығы отыз жыл бұрын қағылған көпқабатты үйде апат жиі болатынын жеткізді.