Прямая трансляция

Астана

Астана

13°C

Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген төрт шетелдік азамат ұсталды

Алматы облысының полицейлері мемлекетаралық іздестіру тізімінде болған төрт шетелдікті ұстады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген төрт шетелдік азамат ұсталды
Фото: Pixabay

Жедел-іздестіру шаралары барысында көрші мемлекеттердің аумағында түрлі қылмыстар жасаған азаматтардың Қазақстанда жасырынып жүргені анықталды.

Ұсталғандардың арасында 1981 жылы туған әйел, 1980, 1989 және 1990 жылдары туған үш ер адам бар. Ұсталғандардың біреуі аса ірі көлемде алаяқтық жасаған, екіншісі жұмысқа орналастыру желеуімен азаматтарды алдаған, әйел ұялы телефон сатамын деп адамдардан қолма-қол ақша алған, тағы бір азамат экономикалық қылмыс жасаған деп күдіктелуде, - делінген полиция хабарламасында.

Тергеу деректері бойынша, шетелдіктер Қазақстан аумағында жасырынып жүрген және құқыққа қайшы әрекеттерін осында жалғастыруы мүмкін болған.

Құқық қорғау органдарының жедел жұмысы нәтижесінде олар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір олардың экстрадициялау және өзге қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Бұл жағдай құқық қорғау органдарының мемлекетаралық ынтымақтастығының тиімділігін көрсетеді.